Атырау облысы ПД қызметкерлері NAIZA 79 турнирінде жоғары нәтиже көрсетті
Атырау облысы ПД қызметкерлері NAIZA 79 турнирінде жоғары нәтиже көрсетті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызмет пен спортты қатар алып жүру – үлкен төзім мен темірдей тәртіпті талап етеді. Заң мен тәртіптің сақшысы болу тек кәсіби біліммен шектелмей, мықты рухты, шыныққан дене мен қайсар мінезді қажет етеді. Осы талаптардың үдесінен шығып жүрген атыраулық полиция қызметкерлері бүгінде қоғам үшін нағыз үлгіге айналып отыр.

Атырау қаласында өткен NAIZA 79 аралас жекпе-жек турнирі тәртіп сақшыларының тек қызметте ғана емес, спорт алаңында да биік деңгейде екенін айқын көрсетті. Бұл турнирде Атырау облысы полиция департаментінің үш бірдей қызметкері - Мирас Шантасов, Елдар Отаралы және Нұрберген Мырзекен жарқын жеңіске қол жеткізді.
Мирас Шантасов NAIZA 79 турнирінде өз салмақ дәрежесінде қарсыласынан айқын басымдық танытып, жүйелі тактикасы мен нақты стратегиясының арқасында сенімді жеңіске жетті. Физикалық дайындық пен тактикалық шеберлікті үйлестіре білген ол турнирдің көрнекті жеңімпаздарының бірі атанды. Қызметте алты жылдан астам еңбек өтілі бар Мирас Шманұлы кәсібилік, адалдық пен жауапкершілікті басты қағида етіп ұстанып, әріптестері арасында да, қоғам алдында да зор құрметке ие.
Елдар Отаралы үшін NAIZA 79 турнирі спорттық мансабындағы маңызды белеске айналды. 95 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен ол қарсыласын айқын басымдықпен жеңіп, өзінің жоғары деңгейдегі физикалық әрі рухани дайындығын дәлелдеді. Елдар Отаралы бұған дейін де халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарып, 2021 жылы Ресейдің Астрахань қаласында өткен халықаралық турнирде алтын жүлде иеленген, ал 2023 жылы қоян-қолтық ұрыстан Қазақстан кубогының чемпионы атанған. Оның жеңістері — табандылық пен мақсатқа адалдықтың айқын көрінісі.
NAIZA 79 турнирінде 84 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрберген Мырзекен де жоғары шеберлік танытты. Үшінші раундта қарсыласын жеңіп, турнир чемпионы атанған ол үздіксіз еңбектің, тәртіп пен табандылықтың нәтижесін көрсетті. Қоян-қолтық ұрыс бойынша Қазақстан Республикасының спорт шебері, таеквондо спорт түрінен спорт шеберлігіне үміткер Нұрберген Махамбетұлы қызметтік міндеттерін де абыроймен атқарып келеді.
Атыраулық бұл үш тәртіп сақшысының жетістігі — полиция қызметкерінің бейнесін жаңа қырынан танытады. Олар үшін ринг – мінезді шыңдайтын алаң болса, қызмет — заңдылық пен тәртіпті қорғаудың қасиетті борышы.
Қызметте адалдықты, спортта жеңісті ту еткен мұндай азаматтар құқық қорғау саласының абыройын арттырып қана қоймай, жас полицейлер мен өскелең ұрпаққа айқын үлгі болып отыр.
