Атырау облысы ПД жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде
Атырау облысы ПД жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жастық шақ – еркіндік пен эмоцияға толы, әсерлі кезең. Бірақ дәл осы шақта жасалған әрбір шешім болашақта адам өміріне терең ықпал етіп, кейде оны күрт өзгерте алады. Бұл – 16 жасында ауыр қылмыс жасап, соның жазасын тартып жатқан бір жасөспірімнің тағдырынан алынған оқиға.
Жас жігіт жеңіл ақша табуға деген үмітпен есірткі мен психотроптық заттарды, сондай-ақ олардың аналогтарын таратуға кіріскен. Алғашқы екі жылын кәмелетке толмағандарға арналған колонияда өткізген ол бүгінгі таңда өткеніне өкінішпен қарайды.
- Ол кезде бәрі қиын болды. Ақша керек еді, салдарын ойламадым. Алайда, оның таңдауының соңы – бостандықтың шектелуі, уақыттың зая кетуі, жақындарының азабы және өз болашағына балта шабу болды. Бұл жол – өте қорқынышты. Мен мұны ешкімге тілемеймін. Әр қадамыңды ой елегінен өткізу керек. Кішкентай қате – өмір бойғы өкінішке айналуы мүмкін, – дейді ол.
Бұл кезең оның өмірінде үлкен сабақ болды. Енді ол қателігінің тек өзін ғана емес, сонымен бірге отбасын да терең күйзеліске салғанын жақсы түсінеді.
Қазіргі таңда заңнамадағы өзгерістерге сәйкес, бірінші рет қылмыс жасаған азаматтарға жазаны жеңілдету мүмкіндігі туып отыр. Ол осы өзгерістерге үміт артып, бостандыққа шығып, білім алып, жұмыс істеп, қоғамның толыққанды мүшесі болуды мақсат етеді.
- Қандай қиындық болса да, сынбау керек. Алға ұмтылу, өзіңе сену – басты күш, – дейді ол болашаққа үмітпен қарап.
Бұл оқиға қазіргі жастар үшін үлкен ескерту болып табылады. Жасөспірімдік шақта қабылданған шешімдер адамның бүкіл өміріне әсер етуі мүмкін. Жастар әрбір қадамның салдарын жақсы түсініп, тіпті болмашы қателік те жақындары үшін қайғылы салдарға әкелетінін есінен шығармауы керек.
Соңында ол өз қатарластарына былай деп үн қатты: "Әр қадамыңды ойлан. Анаң жылағанда, саған сот үкімі шыққанда – бәрі кеш болады. Бұл өте қорқынышты, мұндай жолды ешкімнің басына бермесін".
Атырау облысының полиция департаменті жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырып келеді. Жасөспірімдерге өз әрекеттерінің салдарын түсіндіру, дұрыс таңдау жасаудың маңыздылығын жеткізу – негізгі басым бағыттардың бірі болып қала береді.