Атырау облысы полиция департаментіне жаңа қызметтік көліктер берілді
Атырау облысы полиция департаментіне жаңа қызметтік көліктер берілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаменті жаңа қызметтік автокөліктермен толықты. Департамент алаңында өткен салтанатты жиында департамент бастығы Оңал Бекеев полиция қызметкерлеріне Атырау облысы әкімдігінің қолдауымен алынған жаңа қызметтік көліктерді табыстады.

Атап айтқанда, су жаңа автокөліктер өңірдегі патрульдік полиция қызметкерлеріне, учаскелік полиция инспекторларына, сондай-ақ аудандық полиция бөлімдеріне үлестірілді. Тәртіп сақшыларына берілген темір тұлпарлар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Олар дыбыс күшейткіш қондырғыларымен, рациямен жабдықталған. GPS жүйесі арқылы көліктердің қозғалыс бағыты орталықтан бақыланады.
– Полиция қызметкерлерін материалдық-техникалық тұрғыдан жабдықтау қылмыстың алдын алуға және оның санын азайтуға септігін тигізеді. Сервистік полиция қағидатын жүзеге асырып, халыққа жақын болу бағытындағы жұмыстар одан әрі жандана береді, – деді департамент бастығы Оңал Бекеев.
Сонымен қатар салтанатты жиында жас офицерлерге алғашқы арнаулы атақтары табысталып, Ерназар Сдыхов қызметтік міндетін мінсіз атқарғаны үшін ІІМ Грамотасымен марапатталды.
