Атырау облысында 1378 адам карантин режимін бұзған
Облыс полицейлері мен басқа да мүдделі орган өкілдерінен тұратын мобильдік топтар карантиндік режимге байланысты шектеулердің сақталуын бақылау мақсатында алдын-алу және тексеру жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шілденің 5-нен бастап рейдтік іс-шаралар барысында күні бүгінге дейін облыста 1378 карантиндік режим талаптарының бұзылуы анықталса, оның 700-ге жуығы Атырау қаласында тіркелген.
Атырау облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің Қаулысына сәйкес талаптарды орындамағандар арасында қалааралық жолаушыларды тасымалдаумен айналысқан автобус жүргізушілері де бар.
4 тамыз сағат 19.30 шамасында патрульдік полицейлер Атырау – Орал тас жолының
9 шақырымында автобусты тоқтатты. Түркістан облысының тұрғыны Атырау-Шымкент бағыты бойынша 30 жолаушымен жолға шыққаны анықталды.
Карантин режимін бұзған жүргізушіге қатысты тиісті шешім қабылдау үшін жинақталған іс-құжаттар Атырау қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданатын болады. Ал, автобус
жүргізуші мен жолаушылары Атырауға қайтарылды.
Арада бірнеше сағаттан соң, түн ішінде аталмыш автобус жолаушылармен Атырау қаласынан Шымкентке шығып бара жатқан жерінен қайтадан тоқтатылды.
Бұл жолы 39 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК 667 бабымен «Құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбау» бойынша
хаттама рәсімделіп, мамандандырылған сотқа жолданды.
Осы күні таң алдында Атырау қаласына кіре берісте Шымкент-Атырау бағытынан 26 жолаушысымен тағы бір автобус анықталып, тоқтатылды. Көлік жүргізушісі ОҚО-ның 1990 жылғы тұрғынына қатысты жинақталған құжаттар да қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданды.
Жалпы Атырау облысында карантин режимі енгізілген 5 шілдеден бері қалааралық жолаушылар тасымалдаумен бес автобус анықталды, олардың барлығы да Атыраудан Шымкент қаласына жолаушылар тасымалдамақ болған.
Атырау полицейлері тұрғындардан карантин режиміне барынша түсіністікпен қарап, тәртіпке бағынып, сақтық шараларын орындауға шақырады.