Атырау облысында әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған семинар өтті
Атырау облысында әйелдердің құқықтарын қорғауға бағытталған семинар өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
20 сәуір мен 20 маусым аралығында елімізде "Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" атты кең ауқымды акция өтіп жатыр. Бұл бастаманың басты мақсаты – қоғам назарын отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне аудару, өзара сыйластық пен қолдауға негізделген отбасылық құндылықтарды насихаттау және ішкі істер органдарына деген қоғамдық сенімді нығайту.
Аталған акция аясында Атырау қаласы полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі бөлімінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімшесінің инспекторы Дана Сүйесінова мен “Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік көмек көрсету орталығы” КММ-нің заңгері Бекболат Тайжанов Атырау облысы экология департаментінің қызметкерлеріне арнап семинар өткізді.
"Мемлекеттік органда қызмет атқаратын әйелдерге қатысты кемсітушілік пен жыныстық қудалау фактілерінің алдын алу, сондай-ақ әйелдің қоғам мен отбасындағы құқықтарын қорғау" тақырыбында өткен бұл шараның мақсаты – жұмыс орнында әйелдерге қолайлы және қауіпсіз жағдай жасау, еңбек қатынастарындағы теңдікті сақтау, олардың заңды құқықтары туралы жан-жақты ақпарат беру.
Семинар барысында қатысушыларға отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жолдары, заң аясында қорғану мүмкіндіктері және арнаулы әлеуметтік көмек түрлері егжей-тегжейлі түсіндірілді. Спикерлер нақты өмірлік мысалдарға сүйене отырып, әйелдердің құқықтық сауаттылығы мен оларды тиімді қолдана білуінің маңыздылығын ерекше атап өтті.
Мұндай ақпараттық шаралар мемлекеттік мекемелерде қауіпсіз еңбек ортасын қалыптастыруға, әйелдердің құқықтарын қорғауға және зорлық-зомбылыққа деген қоғамдық төзбеушілік көзқарасты орнықтыруға септігін тигізеді.