Атырау облысында әкімшілік тәртіппен ұсталғандарға профилактикалық жұмыстар жүргізілді
Атырау облысында әкімшілік тәртіппен ұсталғандарға профилактикалық жұмыстар жүргізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отбасылық жанжалдардан басталып, зорлық-зомбылыққа ұласатын жағдайлардың басым бөлігі әйелдер мен балаларға қатысты орын алады. Осы ретте, жергілікті полиция қызметі басқармасы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімінің бастығы Раиса Айтжанова психолог маманмен бірлесіп, әкімшілік тәртіппен ұсталғандар арасында профилактикалық жұмыстар жүргізді.
Арнайы қабылдау орнында өткен кездесулер барысында ішімдікке тәуелді немесе қиын өмірлік жағдайларға тап болған, отбасылық мәселелері бар азаматтармен жеке әңгімелесу ұйымдастырылды.
– Топтық сеанстарға қарағанда жеке кездесулер әлдеқайда тиімді. Себебі адам өз мәселесін көпшілік алдында ашық айтуға қиналады. Көбіне ер адамдар бірнеше күн тергеу изоляторында немесе уақытша ұстау изоляторында отырғандықтан, олармен байланыс орнату қиынға соғады. Тұйықтық, ашық сөйлеспеу, өмірге немқұрайлы қарау - басты кедергілердің бірі. Дегенмен, жұмыстың күрделілігіне қарамастан, оң нәтижелерге қол жеткізіп келеміз, – деді Раиса Айтжанова.
Бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар жалғасады.