Атырау облысында көлік басқару құқығы жоқ мас жүргізуші ЖКО жасады
Атырау облысында көлік басқару құқығы жоқ мас жүргізуші ЖКО жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
20 ақпан күні сағат 23:30 шамасында Атырау-Индер тас жолының 19 шақырым тұсында 25 жастағы азамат Lada Priora автокөлігімен қарама-қарсы келе жатқан 33 жастағы азаматтың басқаруындағы Lada Largus көлігіне соқтығысқан.
Полиция қызметкерлері тексеру кезінде Lada Priora жүргізушісінің көлік басқару құқығы жоқ екендігін анықтады.
Одан басқа, медициналық сараптаманың қорытындысымен оның “орта дәрежелі” мас күйде екендігі анықталды.
Соқтығыс салдарынан екі автокөліктің ішінде болған жеті жолаушысы әртүрлі дене жарақаттарын алып, облыстық ауруханаға жеткізілген. Қазіргі уақытта тиісті іс-құжаттар жинақталуда.
Айта кетейік, 19-21 ақпан күндері аралығында патрульдік полиция қызметкерлері көлікті мас күйде басқарған 5 жүргізушіні анықтады.