Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында мал ұрлығына қарсы блокбекеттер қойылды

Атырау облысында мал ұрлығына қарсы блокбекеттер қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

22-31 қаңтар аралығында Атырау облысы аумағында мал ұрлығының алдын алу, аталған қылмысқа қатысы бар күдіктілерді анықтау, ұстау және оларды заңда белгіленген жауапкершілікке тарту мақсатында "Мал ұрысы" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.

Осыған байланысты өңірдегі автожолдарда мал ұрлығына қарсы іс-қимылды күшейту мақсатында 5 блокбекет қойылды. Блокбекеттер құрамында криминалдық және патрульдік полиция қызметкерлері, сондай-ақ учаскелік инспекторлар бар.

Тәртіп сақшылары ауыл шаруашылығы жануарлары мен ет өнімдерін тасымалдайтын көлік құралдарын тексеріп, ветеринариялық және ілеспе құжаттарының болуын, сондай-ақ жүктің заңды шығу тегін анықтауда.

Жыл басынан бері Атырау облысы аумағында мал ұрлығы бойынша 4 қылмыстық іс тіркелді. Оның 3-еуі ашылып, бір дерек бойынша жедел-іздестіру іс-шаралары жалғасуда. Талдау нәтижесі мал ұрлығының жасалуына негізгі себептердің бірі – мал иелерінің жануарларды ұзақ уақыт қараусыз қалдыруы және жайылымдарда малды бақылаусыз жаю екенін көрсетті. Тіркелген 4 деректің 1-еуі қорадан, ал 3-еуі қараусыз қалған жайылымдардан жасалған. Сонымен қатар жыл басынан бері ауыл шаруашылығы жануарларының жоғалуына қатысты 19 дерек тіркеліп, оның 13-і табылып, иелеріне қайтарылды.

Осыған байланысты полиция облыс тұрғындары мен ауыл шаруашылығы жануарларының иелерін заң талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Ауыл шаруашылығы жануарларын тасымалдау кезінде олардың тиесілігін растайтын ілеспе құжаттардың болуы міндетті. Құжаттар болмаған жағдайда, құқық бұзушылар ҚР ӘҚБтК-нің 406-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

Сондай-ақ малды иелерінің немесе уәкілеттік берген адамдардың (бақташылардың) қадағалауынсыз жаюға тыйым салынады.

Полиция азаматтарды өз мүлкінің сақталуына жауапкершілікпен қарап, ауыл шаруашылығы жануарларын бақылаусыз жаюға жол бермеуге үндейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру