Атырау облысында мас күйде аңға шыққан браконьер ұсталды
Қызылқоға ауданында өткен «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында мас күйде аңға шыққан азамат ұсталып, заңсыз ауланған жабайы аңдар мен қару тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Құқық бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс сотқа жолданды.
«Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында заңсыз аңшылықпен айналысушылардың әрекеттерін әшкерелеу мақсатында 10 қараша күні сағат 23:30 шамасында Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылына жақын маңдағы алқапта күмән тудырған Toyota 4 Runner автокөлігі тоқтатылды.
Оны басқарған 43 жастағы жүргізуші мен қасында болған 41 жастағы жолаушыны тексеру барысында жүргізушінің мас күйде көлік тізгіндегені анықталды.
Тексеру нәтижесінде көлік салонынан заңсыз ауланған үш жабайы қоян мен жүргізушінің атына тіркелген 12 калибрлі аңшы мылтығы тәркіленді. Құқық бұзушыға қатысты аң аулау ережелерін бұзу және мас күйінде көлік басқару деректері бойынша әкімшілік хаттама толтырылып, ол қамауға алынды. Іс-құжаттар Қызылқоға аудандық сотына жіберілді.