Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес шаралары қарқынды жүргізілуде

Атырау облысында отбасылық зорлық-зомбылықпен күрес шаралары қарқынды жүргізілуде, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысында отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және болдырмау мақсатында кешенді іс-шаралар жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері полиция қызметкерлері Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы бойынша 2 295 деректі тіркеп, тиісті шаралар қабылдады. Сонымен қатар 1 951 қорғау нұсқамасы шығарылып, 458 тұлғаға қатысты ерекше талаптар белгіленді.

Қазіргі уақытта ҚР Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен, Ұлттық комиссияның қолдауымен 20 сәуір мен 20 маусым аралығында "Отбасында зорлық-зомбылықсыз Қазақстан" республикалық акциясы өтуде. Акцияның мақсаты – отбасылық құндылықтарды нығайту және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу. Осыған орай, "Тұрмыс" жедел-алдын алу іс-шарасы, әйелдерге арналған "Өз бейнең" тренингі, ерекше бақылауда тұрған тұлғалармен жеке әңгімелесулер, қоғамдық қабылдаулар және құқықтық кеңес беру сессиялары ұйымдастырылды.

Атырау облыстық полиция департаменті жанынан агрессорлармен жұмыс істеуге арналған психологиялық бөлме ашылып, зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық және құқықтық көмек көрсетілуде. Жыл басынан бері 2 656 адам 102 арнасына хабарласып, көмек сұраған. Қазіргі уақытта дағдарыс орталығында 3 әйел мен 7 бала тұрып жатыр.

Полиция азаматтарды отбасындағы қандай да бір зорлық-зомбылық фактілерін жасырып қалмауға, құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлауға шақырады. Әрбір жағдай – адамның өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіруі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру