Атырау облысында полицей көпбалалы аналарға құқықтық кеңес берді
Атырау облысында көпбалалы аналарға тұрмыстық қарым-қатынас саласында болатын құқық бұзушылықтар туралы айтылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысында 28 наурыз күні әйелдерді өз құқықтары туралы хабардар ету, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында жасалатын құқық бұзушылықтардың, көпбалалы аналардың тұрмыстық зорлық-зомбылыққа тап болмауының алдын алу және отбасының қоғамдағы рөлін күшейту үшін құқықтық кеңес ұйымдастыру мақсатында ашық есік күні өтті.
Атырау облысы полиция департаменті, жергілікті полиция қызмет басқармасы, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Райса Айтжанова мен «Жарқын жанұя» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Динара Омарханқызы көпбалалы аналарды қабылдап, тұрмыстық қарым-қатынас саласында болатын құқық бұзушылықтар туралы айтылып, құқықтық кеңес берілді.
Райса Айтжанова тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудың түрлі бағыттарын және отбасылық құндылықтар туралы баяндап, проблемаға бейжәй қарамауға шақырып, зорлық-зомбылық оқиғасына куәгер немесе жәбір көрген жағдайда да тәртіп сақшыларына хабарлауға болатынын еске салды. Ол зорлық-зомбылықтың физикалық, психологиялық, сексуалды және экономикалық түрлері болатынын айта келіп, олар осындай мәселеге тап болуы көбіне ішімдік ішу, есірткі тұтыну және құмар ойындарға әуестену факторлары ықпал ететінін атап көрсетті.