Атырау облысында полицейлер 82 жастағы еңбек ардагеріне дауыс беруге көмектесті
Атырау облысында полицейлер 82 жастағы еңбек ардагеріне дауыс беруге көмектесті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
15 наурыз — республикалық референдум күні Атырау облысында тұрғындар өз таңдауларын жасап, маңызды саяси науқанға белсенді қатысуда. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етіп жүрген полицейлер бұл күні тұрғындардың дауыс беруіне қолайлы жағдай жасауға да үлес қосуда.
Құрманғазы ауданында қызмет атқарып жүрген тәртіп сақшылары 82 жастағы еңбек ардагеріне дауыс беру учаскесіне барып, өз таңдауын жасауына көмектесті. Полицейлер ардагердің учаскеге жетуіне жәрдемдесіп, дауыс беру рәсімінің кедергісіз өтуіне қолдау көрсетті.
Қарттарға құрмет көрсетіп, олардың азаматтық құқықтарын жүзеге асыруына жағдай жасау – тәртіп сақшыларының қоғам алдындағы маңызды міндеттерінің бірі. Осындай қолдаудың арқасында еңбек ардагері де референдумға қатысып, өз таңдауын жасау мүмкіндігіне ие болды.
