Атырау облысында полиция бөлімшесінің жаңа ғимараты ашылды
Атырау облысының Сағыз ауылында полиция бөлімшесінің жаңа ғимараты ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы Қызылқоға ауданы Сағыз ауылында тәртіп сақшыларына арналған жаңа ғимарат салтанатты түрде пайдалануға берілді. Бұл ғимарат қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында қызмет ететін полицейлер үшін заманауи талаптарға сай жабдықталған.
Салтанатты ашылу рәсіміне Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Асылбек Джаумбаев, Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұханов, ішкі істер органдарының ардагерлері, жергілікті тұрғындар және полиция бөлімінің жеке құрамы қатысты.
— Қазіргі заман талабына сай салынған бұл ғимарат қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсартып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттырады деп сенемін. Біздің басты міндетіміз — халыққа адал әрі абыройлы қызмет ету. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлеріне осы бағытта табыстар тілеймін, — деді өз сөзінде Асылбек Джаумбаев.
Сағыз полиция бөлімшесінің жаңа ғимараты заманауи техникалармен жабдықталып, полиция қызметкерлерінің тиімді әрі сапалы жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Ғимаратта уақытша оқшаулау камералары мен бейнебақылау жүйелері орнатылған, бұл құқық қорғау қызметін жоғары деңгейде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Бүгінде Сағыз полиция бөлімшесінде 12 қызметкер қызмет атқарып, тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде. Жаңа ғимараттың ашылуы ауданның құқық қорғау саласын жаңа белеске көтеретіні сөзсіз.