Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында полиция "Ембімұнайгаз" компаниясының қызметкерлеріне интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарын үйретті

Атырау облысында полиция "Ембімұнайгаз" компаниясының қызметкерлеріне интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарын үйретті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі "Ембімұнайгаз" компаниясының қызметкерлерімен арнайы кездесу өткізіп, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен олардан қорғанудың жолдары туралы жан-жақты ақпарат берді.

Кездесу барысында тәртіп сақшысы интернет арқылы жасалатын қылмыстардың алдын алу жолдарын түсіндіріп, азаматтардың алаяқтардың арбауына түскен жағдайда қандай әрекет жасау керектігіне ерекше тоқталды. Қатысушыларға "фишинг" сілтемелер, жалған инвестициялық жобалар, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы таралатын алаяқтық тәсілдер нақты мысалдармен көрсетіліп, олардың белгілері егжей-тегжейлі талқыланды.

— Атырау қаласында жыл басынан бері интернет-алаяқтықтың 100-ге жуық дерегі тіркелді. Оның ішінде 36 қылмыс бойынша бір күдіктіге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Алаяқтардың айласына әсіресе егде жастағы азаматтар жиі түсіп қалып жатады. Олар зейнеткерлерді түрлі тәсілдермен алдап, қаржысын иемденуге тырысады. Сондықтан бейтаныс қоңыраулар мен күмәнді хабарламаларға ешқашан сенуге болмайды, — деді киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Расул Жолдас.

Мұндай ақпараттық-түсіндіру шаралары азаматтардың цифрлық қауіпсіздік деңгейін арттыруға және интернет-алаяқтыққа қарсы күресті күшейтуге бағытталған. Тәртіп сақшылары осындай кездесулерді тұрақты түрде өткізу арқылы қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыруды көздеп отыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру