Атырау облысында полиция интернет-алаяқтықтан сақтану тәсілдері жайында дәріс өткізді
Атырау облысында полиция интернет-алаяқтықтан сақтану жолдары жайында дәріс өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Садуақас Жангалиев "КМГ Инжиниринг" ЖШС қызметкерлерімен кездесіп, интернет-алаяқтықтың кең таралған түрлері мен олардан сақтану жолдары туралы баяндады.
Кездесуде тәртіп сақшысы азаматтарды бейтаныс адамдардан келген күмәнді сілтемелерге өтпеуге, жеке деректерді ешкімге бермеуге және қаржылық операцияларды орындамас бұрын ақпараттың шынайылығын мұқият тексеруге шақырды. Сондай-ақ интернет арқылы жасалатын қылмыстардан қалай қорғануға болатыны және алаяқтардың арбауына түсіп қалған жағдайда қандай әрекет жасау керегі жан-жақты түсіндірілді.
– Атырау облысында жыл басынан бері 90-ға жуық интернет-алаяқтық фактісі тіркелді. Оның ішінде 37 қылмыс бойынша 3 күдіктіге қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Өкінішке қарай, алданғандардың арасында егде жастағы азаматтар да бар. Алаяқтар көбінесе зейнеткерлерді нысанаға алып, түрлі айла-тәсілдермен олардың қаржысын иемденуге тырысады. Сол себепті күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеу керек. Ешкімге жеке немесе қаржылық деректерді бермеген жөн. Егер қандай да бір күмән туындаса, бірден құқық қорғау органдарына хабарласу қажет, – деп ескертті Садуақас Жанғалиев.
Полиция өкілдері интернет-алаяқтардың құрығына түсіп қалмау үшін сақтық шараларын қаперде ұстауға шақырады. Күмәнді сілтемелерге өтпеу, интернет арқылы қаржы аударымдарын жасамас бұрын ақпараттың дұрыстығын тексеру және күмәнді ұсыныстарға сенбеу – өзіңізді және жақындарыңызды киберқылмыстан қорғаудың басты қағидалары.
https://youtu.be/LLepyw_xLMM