Атырау облысында Полиция күні салтанатты түрде атап өтілді
Атырау облысында Полиция күні салтанатты түрде атап өтілді, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінің қызметкерлері 23 маусым – Қазақстан полициясы күнін салтанатты түрде атап өтті. Мерекелік жиынды Атырау облысы ПД бастығы Нұрхат Оразбаев ашып, сала ардагерлері мен қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Құрметті ардагерлер мен әріптестер! Сіздер ел тыныштығы мен азаматтар қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында зор жауапкершілікпен қызмет атқарып келесіздер. Қызметтік міндеттерді орындау кезінде өз өмірін құрбан еткен әріптестеріміздің аналарын, жұбайларын бүгінгі шарада ерекше ілтипатпен атап өткім келеді. Сондай-ақ, саналы ғұмырын ішкі істер саласына арнаған ардагерлерімізге шынайы алғысымды білдіремін. Қазақстан полициясы күнімен баршаңызды құттықтай отырып, қызмет жолдарыңызға толағай табыс, отбасыларыңызға амандық, елімізге бейбіт өмір тілеймін, – деді департамент бастығы.
Салтанатты шараға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов те қатысып, тәртіп сақшыларын кәсіби мерекемен құттықтады. Ол өз сөзінде қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі полиция қызметінің маңыздылығын атап өтіп, ішкі істер органдары қызметкерлеріне алғыс білдірді.
Шара барысында ішкі істер саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген тәртіп сақшылары мен ардагерлер ҚР Ішкі істер министрі Ержан Саденовтың және департамент бастығының Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар үздік көрсеткіштерімен көзге түскен бірқатар қызметкерлердің лауазымдық шендері мерзімінен бұрын көтерілді.
Салтанатты шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.