Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында полиция жүргізушілер мен мал иелеріне жол қауіпсіздігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді

Атырау облысында полиция жүргізушілер мен мал иелеріне жол қауіпсіздігі жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлері тәулік бойы қызмет атқарып, жүргізушілерге тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Соған қарамастан, жүргізушілер тарапынан жол ережелерін өрескел бұзу фактілері жиі орын алып, тас жолдардағы жол-көлік оқиғалары азаймай отыр.

Жыл басынан бері өңірде 91 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 27 адам қаза тауып, 202 адам түрлі жарақат алған. Апаттардың алдын алу үшін жасырын патрульдеу, дрондармен әуеден бақылау, жылдамдық өлшеу құрылғыларын пайдалану, сондай-ақ автобус пен жүк көліктерін нысаналы тексеру секілді кешенді шаралар жүзеге асырылуда.

Апаттардың бір бөлігі қараусыз жүрген үй жануарларының тас жолға шығуынан туындайды. Биылғы жылы мұндай жағдайлардан 2 адам көз жұмып, 22 адам жарақат алды. Осыған байланысты 38 жануар иесі ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Үй жануарларының қатысуымен болатын жол апаттары, ең алдымен, жануар иесіне және көлік жүргізушісіне материалдық шығын келтіретіні анық. Сондықтан мал иелері жануарлардың мойнына жарық қайтаратын элементтер тағып, оларды қараусыз жайылымға жібермеуі тиіс. Бұл – апаттың алдын алудың ең тиімді жолдарының бірі.

– Жүргізушілердің басты міндеті – жолда сақтық таныту, жылдамдықты асырмау, жол белгілерін қатаң сақтау және қауіпсіздік белдігін тағу. Бұл – өз өміріңізді және өзге адамдардың өмірін сақтаудың басты кепілі. Ал мал иелері жануарларын қараусыз қалдырмауы керек, өйткені жолға шыққан әрбір мал – ықтимал апат көзі. Қазір біз үй жануарларының иелері мен көлік жүргізушілеріне жеке-жеке түсіндіру жұмыстарын жүргізудеміз, – деді Атырау облысы ПД ЖПҚБ жол қауіпсіздігін қадағалау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Аманжол Жұмалиев.

Полиция департаменті профилактикалық рейдтер мен жол қозғалысы ережелерін түсіндіру акцияларын тұрақты өткізіп келеді. Түсіндіру жұмыстары ауылдық елді мекендерде, тас жол бойындағы қауіпті учаскелерде және мал өтетін аймақтарда жалғасуда.

Полиция ескертеді: Құрметті жүргізушілер! Жылдамдықты шамадан тыс асырмаңыздар, қауіпсіздік белдігін тағып жүріңіздер, жол ережелерін қатаң сақтаңыздар. Түнгі уақытта және көріну шектелген жағдайда аса сақ болыңыздар. Бір сәттік салғырттық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін. Әрбір жол қозғалысына қатысушы өз өмірі мен өзгенің өміріне жауапты екенін естен шығармауы тиіс.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру