Атырау облысында қоғамдық тәртіпті 14 мыңнан астам бейнебақылау камерасы бақылайды
Атырау облысында қоғамдық тәртіпті 14 мыңнан астам бейнебақылау камерасы бақылайды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қала аумағындағы бейнебақылау жүйесін қолдану құқық бұзушылықтардың алдын алуға, қоғамдық тәртіпті сақтауға және жедел шаралар қабылдауға мүмкіндік береді. Бүгінде Атырау облысы аумағында орнатылған 14 387 бейнебақылау камерасы Атырау және Құлсары қалаларындағы жедел басқару орталықтарына, сондай-ақ аудандық полиция бөлімдерінің кезекші бөлімдеріне қосылған.
Қала аумағының кеңеюіне және халық санының артуына байланысты бейнебақылау жүйесіне деген қажеттілік те өсуде. Осыған орай, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде 2024 жылы қала аумағына 3 092 камера орнатылды. Ал 2025 жылы криминогендік жағдай және тұрғындардың өтініштері ескеріле отырып, қосымша 1 790 бейнебақылау камерасын орнату жұмыстары басталды. Бұл — қаладағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға және жедел әрекет ету жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды шара.
Сонымен қатар халық көп жиналатын орындардағы камераларды бірыңғай мониторинг жүйесіне қосу жұмыстары да жоспарлы түрде жүргізілуде.
Аталған шаралар мемлекеттік қауіпсіздік жүйесінің құрамдас бөлігі ретінде құқық бұзушылықтардың азаюына және қала тұрғындарының полиция органдарына деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.
