Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облысында қызметтік ит ерлігімен көзге түсті

Атырау облысында қызметтік ит ерлігімен көзге түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы полиция департаментінің Кинологиялық қызмет орталығында қызмет ететін неміс овчаркасы Асти – өз ісінің шебері. Ол 2 адамның өмірін құтқарып, 10 адамды іздеп тауып, өзінің ерекше қабілетін дәлелдеді. Кинолог Жасұлан Елеуов адам іздеуге машықтанған Астимен бірге күн сайын қоғам тыныштығын сақтауға үлес қосып келеді.

Қаңтар айында Асти ерекше ерлік көрсетті. Қиырдағы қыстақта жоғалып кеткен малшыны іздеу бірнеше күнге созылып, нәтиже бермеген еді. Жоғалған адамның мотоциклі табылғанымен, іздеу әрекеті тоқтап қалған болатын. Дәл осы сәтте Асти мен оның иесі, кинолог Жасұлан Елеуов із кесуге кірісті.

– Мотоцикл тұрған жерге келдік, қолымызда тек жоғалған адамның киімі болды. Асти сол киімнің иісін алып, ізге түсті. Бірнеше шақырым жүрген соң, малшыны аман-есен таптық, – деп Жасұлан оқиғаны есіне алды.

Бұл Асти жасаған жалғыз ерлік емес. Аутизммен ауыратын бала жоғалып кеткен кезде, Асти оны үйден 7-8 шақырым қашықтықтан тауып, ата-анасына табыстады. Асти тек адамдарды іздеумен ғана шектелмейді. Оның өткір түйсігі қылмыстарды ашуда да үлкен рөл атқарады.

Мысалы, Исатай ауданында жоғалған тұрғынды іздеу кезінде Асти тұрғынды 2 күндік іздестіруден кейін аман-есен тапты. Тағы бір есте қаларлық оқиғада ұрлық жасалған үйден Асти ұрының ізіне түсіп, оны анықтаған. Белгілі болғандай, үйді тонаған көршісі екені дәлелденді.

Атырау облысы ПД Кинологиялық қызмет орталағында қызметтік иттерді иесін таңдау кезінде олардың жылдамдығы, белсенділігі және ойынқұмарлығы ескеріледі. Бұл қасиеттер иттердің тез үйреніп, қызметке икемді болуына септігін тигізеді.

Асти – қоғам тыныштығы үшін еңбек етіп жүр. Қазір де Жасұлан Елеуов пен оның сенімді серігі Асти жаңа тапсырмаға аттанып барады. Олар үшін бұл – күнделікті жұмыс, ал қоғам үшін – қауіпсіздік пен сенімнің кепілі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру