Атырау облысында Ұлы Отан соғысы және ІІО-ның құрметті ардагеріне арналған мемориалды тақта орнатылды
Атырау облысында Ұлы Отан соғысы және ІІО-ның құрметті ардагері Батырғали Мұқашұлына арналған мемориалды тақта орнатылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұлы Отан соғысы және ішкі істер органдарының құрметті ардагері, милиция подполковнигі Батырғали Мұқашұлының туғанына биыл 100 жыл. Осы ретте, Атырау облысы Құрманғазы ауданының Жұмекен Нәжімеденов көшесінің 97 үйінде мемориалды тақтаның ашылу салтанаты өтті. Мерекелік шараға Атырау облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Көшқалиев, ауданның Құрметті ардагерлері, Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және Мұқашевтар әулеті қатысты. Ашылу салтанаты аудандық Мәдениет үйінде мерекелік концертпен жалғасын тапты.
Батырғали Мұқашұлы – 1924 жылдың 20 қаңтарында Атырау облысы Құрманғазы ауданының Зормата ауылдық кеңесінде дүниеге келген. Ішкі істер органдарындағы алғашқы еңбек өтілін 1948 жылы учаскелік милиционер лауазымынан бастап, 1980 жылға дейін паспорт столы және күзет бөлімінің бастығы болып қызмет еткен. 31 жылын үздіксіз осы салаға арнаған ол 1980 жылдың қыркүйегінде құрметті зейнетке шықты. Одан соң да ардагер қызметін тоқтатпады. Ол аудандық өрт сөндірушілер ерікті қоғамында төрағалық етіп, 1995 жылға дейін қызмет атқарды. Сонымен қатар әрдайым білімін жетілдірумен айналысып, өмірде ізденімпаздықты ұстана білді.
– Бүгінде Батырғали Мұқашұлының ұрпақтары ата жолын жалғастырып, облысымыздың құқық қорғау салаларында абыройлы қызмет етіп келеді. Мемориалды тақтаның ашылу салтанатына қатысушы ардагер ағалар мен ұрпақтары ол кісінің іскерлік және адамгершілік қасиеттерін, ел үшін аянбай жасаған қызметін еске түсірді. Құрметті ардагердің өнегелі өмірі, еңбек жолы полиция қызметкерлеріне үлгі болып, оларды отансүйгіштікке, елге адал қызмет етуге тәрбиелейді деген сенімім мол, – деді Болат Көшқалиев.