Атырау облысында жолаушыларды тасымалдау қағидатын бұзған 33 жүргізуші анықталды
Атырау облысында жолаушыларды тасымалдау қағидатын бұзған 33 жүргізуші анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласы аумағында 21 ақпан мен 2 наурыз аралығында өткізіліп жатқан “Автобус” жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде патрульдік полиция қызметкерлері Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерімен бірлесіп, жолаушылар тасымалдау қағидатын бұзған 33 жүргізушіні анықтады.
Мәселен, 24 ақпан күні сағат сағат 14:10 шамасында Баймұханов көшесі бойында Ford Transit Bus көлігі тоқтатылды. Аталған көліктің 57 жастағы жүргізушісінің көлігінде жүргізушінің еңбек және демалыс режимін қадағалайтын тахограф құрылғысы болмағаны анықталды.
57 жастағы жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 572-бабының 1-бөлігімен (Жолаушыларды, багажды немесе жүктерді автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыру кезінде жүргізушілердің еңбек және демалыс режимінің бұзылуы) әкімшілік хаттама жасақталып, 30 630 теңге көлемінде айыппұл салынды.