Атырау облысының полицейлері Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өңірдегі өкілімен кездесті
Атырау облысының полицейлері Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың өңірдегі өкілімен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаментінде Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Атырау облысындағы өкілдерімен кездесу өтті. Мақсат – орталық жұмысын таныстыру және 15 маусымда күшіне енетін әйелдер мен балалар құқығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заңнамада енгізілген өзгерістерді талқылау, азаматтар құқығын қорғауда алғашқы қатарда қызмет ететін полицейлердің атқарып жатқан жұмысымен танысу.
Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталықтың Атырау облысындағы өкілі Амангелді Абдоловтың азаматтардың құқығын қорғау бағытындағы атқарылатын жұмыс жоспарымен танысты. Сондай-ақ 15 маусымнан бастап күшіне енетін әйелдер құқығы мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулар талқыланды.
– Адам құқығын қорғау – басты міндет, маңызды қызмет. Тәуелсіздік алғанымызға биыл 33 жыл толды, сол жылдардан бері әр туылған адамның, әр азаматтың өз құқығы қалыптасып қорғалып келеді. Заманға сай, заңға сай қызметтер атқарылуы тиіс, – деді жиынға қатысқан Атырау облысы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов.