Атырау облысының полицейлері ерекше балаларға қайырымдылық жасады
Атырау облысының полицейлері ерекше балаларға қайырымдылық жасады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары тек қана қоғамдық тәртіпті қадағалап, түрлі келеңсіз жағдайлардың алдын алушылар ғана емес, қиналған жандарға қорғау мен қолдау көрсете алатын құқық қорғау саласының қызметкерлері.
«Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» демекші, Құрманғазы аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жыл сайын дәстүрге сай қайырымдылық жасап келеді. Мәселен, алдыңғы жылы аудандық зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік көмек көрсету аумақтық орталығындағы ерекше балалар үшін бес бірдей тірек-қимыл жүйесін оңалтатын құрылғы және жағдайы төмен, үш бірдей балапанын жалғыз асырап отырған жалғыз басты анаға көмек көрсеткен, ал оның алдыңғы жылы әлеуметтік жағдайы төмен отбасының терезелері мен еденін ауыстырып, жылу жүргізіп берген болатын. Сонымен қатар зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығындағы ерекше балаларға бойы мен салмағына әсер ететін, толыққанды стандартқа сай үстелдер мен орындықтар тарту етті.
Биылғы жылы да көмектесуге белсенділік танытып жүрген аудандық полиция бөлімі зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы директорының орынбасары Әнуарбек Сәбитовпен бірлесіп, тағы да ерекше балаларға бойы мен салмағына әсер ететін, толыққанды стандартқа сай үстелдер мен орындықтар тарту ертті.
– Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету басты міндетіміз болса да, жұртшылыққа жанашыр болуды да естен шығарған емеспіз. Тағдыры ерекше балалар – біздің қоғамның толыққанды мүшесі. Олардың арасында өмірге құштар өнерлі, талантты жеткіншектер өте көп. Сіздер сондай балаларды өмірге бейімдеп, сауабы мол іс жасадыңыздар. Бұл бейнетті еңбектеріңізге титімдей болса да, жәрдеміміз болсын деген ниетіміз. Соның игілігін сіздер, балалар көріп, емделушілеріңіз жылдамырақ қатарға қосылсын дейміз, – деді Құрманғазы ауданы полиция бөлімінің бастығы Найзабек Құбашев.
Аудандық полиция қызметкерлерінің жасаған игі істеріне бүлдіршіндердің ата-аналары да ризашылығын білдірді.