Атырау облысының полиция департаменті есірткіге қарсы жұмыстарды үздіксіз жүргізіп келеді
Атырау облысы полиция департаменті есірткі қылмыстарының алдын алу және жолын кесу бағытындағы жұмыстарды ұдайы жүргізіп келеді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы тоғыз айда есірткімен байланысты 120 құқық бұзушылық, оның ішінде 67 қылмыс тіркелді.
Заңсыз айналымнан жалпы салмағы 180 келіден астам есірткі, аса ауыр санатқа жататын 3 келіден астам синтетикалық есірткі заты тәркіленді.
Жүргізілген жедел-іздестіру шаралары нәтижесінде заңсыз 2 фито зертхана, есірткі тасымалдаудың 3 арнасының жойылды. Есірткілік мас күйде автокөлік жүргізген 40 тұлға жауапқа тартылды. Облыс аумағында есірткі тасымалдаумен айналысқан 25 күдікті ұсталды, оның ішінде 9 күдіктінің өзге облыстан келгені, ал 5 жасы кәмелетке толмаған күдікті - колледж студенттері мен мектеп оқушысы екені белгілі болды.
Полиция еріктілермен бірге 70-тен астам есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити жазбаларын жойды. Күнделікті жүргізілген ғаламтор жүйесіндегі мониторинг арқылы есірткі жарнамалайтын 925 сайт анықталып, ІІМ-ге бұғаттауға жолданды. "Антифрод" ақпараттық жүйесі бойынша 11 948 күдікті есеп шоттар анықталып, олардың 36 млн-нан астам қаражаты бұғатталды.
Жастар мен жасөспірімдер арасында нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жыл басынан бері 738 нысаналы шаралар өткізілді.
Бұл бағыттағы жұмыстар департамент басшылығының бақылауында және одан әрі жалғасуда.