Атырау облысының тұрғыны 32 жыл бойы құжатсыз жүрген
Жылыой ауданының тұрғыны өзіне құжат алуға көмектескен полицейлерге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
53 жастағы әйел 1987 жылы Ресей Федерациясының азаматына тұрмысқа шығып, кейін белгілі бір себептермен ажырасып, Қазақстанға қайтып оралған. Алайда елге келгеннен кейін құжаттарын жоғалтып алып, ұзақ уақыт бойына денсаулығына байланысты қайта жасатуға мүмкіндігі болмаған.
Жылыой ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері аудандық ерікті жастармен бірлесіп азаматшаның құжатын жасауға көмектесті. Бұған қоса, әйелдің 21 жастағы ұлында да туу туралы куәлігінен басқа құжаты болмаған. Атырау облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлері жігітке жеке төлқұжатын жасап берді.
– Тәртіп сақшыларына осындай жауапты жұмысқа атсалысып, 32 жылдан кейін өзіме және 21 жастағы ұлыма төлқұжат жасап бергені үшін ризамын. Осы жаңа төлқұжатымның арқасында қазіргі таңда ауданда жұмысқа орналастым. Атырау облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының қызметкерлеріне алғысым шексіз, – деді жылыойлық тұрғын.