Атырау облысының тұрғынынан марихуана тәркіленді
Атырау облысы Мақат ауданында күдіктіден 120 грамм марихуана тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
22 шілде күні Мақат ауданы полиция бөлімі қызметкерлері мен Атырау облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы бірлескен жедел іс-шара өткізді. Нәтижесінде Доссор кентіндегі көпқабатты үйлердің бірінде есірткі затын қолданды деген күдікпен 52 жастағы ер адам ұсталды
Күдіктінің пәтерін тінту барысында ерекше иісі бар жасыл түсті өсімдікке ұқсас зат салынған үш орама табылып, тәркіленді. Сараптама қорытындысы бұл заттың жалпы салмағы 120 грамм болатын марихуана екенін растады.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге мәліметтер Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сай жария етілмейді.