Атырау облысының учаскелік полицейі қызметі жайлы айтып берді
Атырау облысының учаскелік полицейі қызметі жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Азаматтардың сенімі – полицияның жұмыс сапасына тікелей байланысты. Өйткені учаскелік инспектор – халыққа ең жақын өкіл. Полиция қызметкері Байбек Шотаев – Ақжар ауылдық округінің учаскелік полиция қызметкері. Оның учаскесіндегі тұрғындар саны 4 мыңға жуық. Учаскелік полиция инспекторы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында есептегі аумақты үнемі тексеріп отырады. Отбасылық-тұрмыстық құқық бұзушылықтарға бейім отбасыларды жүйелі бақылайды, олармен телефон арқылы хабарласып, кәмелетке толмаған балаларының жай-күйін тексереді. Әкімшілік аумақтағы криминогендік ахуалын бақылап, тәулік бойы тіркелген әртүрлі хабарламалар мен арыздарды тексеріп, шешім қабылдайды.
– Учаскелік полиция инспекторы қызметінде жүргелі көптеген оқиғаның куәсі болдым. Мәселен, бірде мемлекеттік нөмірі жоқ күдік тудырған автокөлікті байқап, тексердік. Көлік ішінде жүргізуші мен жолаушысы отыр екен. Құжаттары жоқ. Оны анықтау үшін кезекші бөлімге алып келгенбіз. Бірнеше уақыттан кейін “102” операторына автокөлік заңсыз айдап әкетілді деген хабарлама келіп түсті. Жәбірленушілер сипаттаған көлік біз анықтаған көлік екені белгілі болды. Ішкі түйсігіміз алдамады ғой деймін. Тағы бірде ауыр металды жеке мақсатта пайдаланбақ болған 3 адамды ұрлық үстінде қолға түсіргенбіз, – деді учаскелік полиция инспекторы.
Байбек Шотаев алғаш Ішкі істер органдарына 2015 жылы қызметке кіріскен. Кейіпкеріміз өз жұмысын халықпен байланысты болғаннан кейін олардың сенімі ол үшін әлдеқайда маңызды екенін айтады.
– Тұрғындарға етене жақынмын. What’s app желісінде ортақ 9 чатымыз бар. Күнделікті профилактикалық түсіндірме жұмыстарын жүргізіп отырамын. Меніңше, учаскелік полиция инспекторының қызметіне тұрғындар тарапынан оң баға берілсе, ол үлкен жетістік – дейді Байбек Шотаев.