Атырау өңірінің бас полицейі қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан батырлардың аналарын мерекемен құттықтады
Атырау өңірінің бас полицейі мереке қарсаңында қызмет бабында ерлікпен қаза болған батырлардың аналарын құттықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев қызметтік міндеттерін атқару барысында қаза тапқан бейбіт күннің батырлары Шалқар Ақымғалиев пен Нұрберген Өтемісовтің аналарына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Кездесу барысында департамент басшысы батыр ұл тәрбиелеп өсірген аналарға зор алғысын білдіріп, олардың ерлігі мен өнегелі жолы ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті. Бүгінде ел тыныштығы үшін жанын қиған азаматтардың ерлігі әріптестері мен кейінгі буынға әрдайым үлгі болып қала бермек.
Еске сала кетсек, 2019 жылдың 21 наурызында полиция сержанты Шалқар Ақымғалиев көпірден өзенге секіріп, өз-өзіне қол жұмсамақ болған әйелді құтқарып, ерлікпен қаза тапқан. Ал полиция қызметкері Нұрберген Өтемісов 2009 жылдың 31 қазанында қызметтік міндетін атқару барысында қылмыскердің автокөлігі қағып кетуі салдарынан қаза болды.
- Ерлік ешқашан ескірмейді, ол ұрпаққа үлгі болып қала береді. Қызмет атқару барысында өз өмірін ойланбастан құрбан еткен тәртіп сақшылардың бұл әрекеті барлығымызға өнеге және біз мұндай ерлікті ешқашан ұмытпаймыз, – деді Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев.
Сонымен қатар Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Құттыбай Садықов 1993 жылы қарулы қылмыскерлердің қолынан қаза тапқан милиция майоры Асқар Бисекеновтың анасына арнайы барып, мерекемен құттықтады.
Елін шексіз сүйіп, халқы үшін адал қызмет атқарып, туған жердің тыныштығын қас қақпай қорғаған қызметкерлердің батырлық болмысы мен биік азаматтық келбетін әріптестері ешқашан ұмытпайды.
