Атырау полициясы балаларына алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелерді анықтады
Атырау полициясы балаларына алимент төлеуден жалтарып жүрген әкелерді анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда учаскелік полиция қызметкерлері сот орындаушылармен бірлесіп алимент төлеуден жалтарғандар мен борышкер тұлғалар және туысқандарымен қарым-қатынасын үзген адамдарды іздеп жатыр.
Жыл басынан бері алимент төлеуден жалтарған 181 адам мемлекеттік органдардың және сот орындаушыларының есебіне алынған. Ал полицияның көші-қон бөлінісінде алимент төлеуден жалтарып жүрген 26 тұлға, мемлекет мүддесін орындамай жүрген борышкер санаты бойынша 25 тұлға және туысқандарымен қарым-қатынасын үзген 7 адам іздестіріліп жатыр.
– Рейдтің алғашқы күні көші-қон қызметі бөлімімен 10 азамат анықталды. Олардың 8-і алимент төлемегендер мен борышкерлер, – деді Атырау қалалық ПБ көші-қон бөлімінің инспекторы Римма Сидихова.
Рейдтік іс-шара кезінде кәмелетке толмаған балаларын бағып-қағу міндетін орындамай, алимент төлеуден жалтарып жүріп, қарыз сомасы шамамен екі млн теңгеге жеткен ер адамды анықталды. Тағы бір атыраулық 2017 жылдан бері баланы асырау бойынша алименттік міндеттемелерін орындамай келген. Ол алименттер бойынша пайда болған берешекті өтеуден бас тартып, бала алдындағы жауапкершіліктен жалтарған.
Айта кетейік, полиция ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты 18 жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін орындамауы үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салады.
Іс-шара 17 тамызға дейін жалғасады.