Атырау полициясы: Білім беру нысандарында “дабыл” түймелері орнатылуда
Атырауда білім беру нысандарында “дабыл” түймелері орнатылуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Білім беру орындарында қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру – басым міндеттердің бірі. Осы мақсатта Атырау облысы полиция департаменті білім беру басқармаларымен бірлесіп, бірқатар шаралар қолданылып отыр.
– Оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында “дабыл” түймелері орнатылуда. “Дабыл” түймелері Атырау қаласында 17 мектепке, Құлсары қаласында 10 мектепке қондырылды. Сондай-ақ мектептер мен басқа да білім беру орындары 100 пайызға бейнебақылау камераларымен қамтылған. Атап айтқанда, 37 білім беру ұйымдары “Сергек” жүйесі арқылы Жедел басқару орталығына қосылған. Және де облыстағы 148 мектеп турникетпен толықтай қамтылып, қалған 49 мектепке орнату жыл соңына дейін жоспарланған. Оқушылар мен жұмысшылар қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шаралар әлі де жалғасып, бақылауға алынады, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.
Сондай-ақ Полиция департаментінің ұсынысымен дайындалған мектеп оқушысы бейнеленген макеттер облыс орталығындағы жол өткелдеріне орналастырылды. Бұл макеттер жергілікті мердігер мекемелердің демеушілігімен дайындалды. Мақсаты – жаяу жүргіншілер жолына жақындаған көліктердің назарын аударып, жылдамдық асырмауына ықпал ету. Қазіргі кезде жол жиегіне қойылатын төрт оқушы макеттерінің орны ауысып, білім беру ұйымдарына жақын орналасқан жаяу жүргіншілер өтетін жолдардың тұсына қойылатын болады.