Атырау қаласының тұрғыны алматылық полицейлерге алғысын білдірді
Атырау қаласының тұрғыны Алматы қаласының полиция қызметкерлеріне ризашылығын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ол өз хатында «Алматы қаласы полицейлерінің кәсіби шеберлігінің нәтижесінде ҚР ҚК-нің 190-бабының 4-бөлігінің 2-тармағы (Ірі көлемде жасалған алаяқтық) бойынша бес жыл бойы тергеліп жатқан қылмыстық іс аяқталды және сотқа жіберілді, бұл дегеніміз, қылмыс жасаған адам әділ жазасын алады» деген.
– Қылмыс бес жыл бұрын жасалған. Атыраулық ерлі-зайыптылар Алматыдан пәтер алуға бел буып, сол үшін олар Алматы қаласына келген. Бірақ таныстарымен кездесу олардың жоспарларын күрт өзгерткен. Таныстары жәбірленушілерді пәтер сатып алуға емес, зауыт құрылысына қаржы салуға көндірген. Жақсы пайда мен дивидендтер түсетіні туралы уәде берген. Тиісті құжаттарын көрсетіп, дәлелдердің сенімді болғаны соншалық, отбасылық жұп алаяқтардың қалтасына 142 мың долларды салып берген. Атыраулықтар бір жыл бойы пайдаларын күткен. Алайда бұл кезде қаскөйлер ізін суытып үлгерген. Олар телефондарын өшіріп, байланысты үзген. Содан кейін алданған отбасы полицияға арызданған. Қылмыстық іске қатысы бар басты тұлғаға іздеу жарияланып, ол басқа аймақта ұсталды. Қазір іс сотқа жіберілді және жақын арада оған қатысты сот үкімі шығады, – деді Алмалы аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімі бастығының орынбасары Эльбрус Сұлтанқұлов.
Хат авторы аталған бөлімнің тергеушісі О.Сағат пен ПБ орынбасары Э.Сұлтанқұловтың қызметтік міндеттерін мінсіз орындағанын атап өтті.
– Қызметкерлердің сауатты көзқарасы, қорғаушының, зардап шеккен тараптың өтініштерін мұқият талдауы, кәсіби шеберлігі тергеуге нүкте қоюға мүмкіндік берді. Қаскөй ұсталды. Мен тергеушілердің кәсіби және адами қасиеттері туралы Алматы қаласының полиция басшылығы мен қоғамды хабардар етуді азаматтық парызым деп санаймын. Сіздің қарамағыңызда осындай қызметкерлер мүмкіндігінше көп болғанын шын жүректен тілейміз. Біз олардың әрқайсысына іске қосқан үлесі үшін алғыс айтамыз, – делінген алғыс хатта.