Атырауда 2 тоннаға жуық бекіре балықтары тәркіленді
Атырауда 2 тоннаға жуық бекіре балықтары тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы аумағында 1 сәуір – 31 мамыр аралығында броконьерлік іс-әрекеттің, бекіре тұқымдас және басқа да балық түрлерінің, олардың өнімдерінің заңсыз айналымын анықтауға, алдын алу мен жолын кесуге бағытталған “Бекіре – 2024” жедел профилактикалық іс шарасы өткізілді.
Іс-шара кезінде теңіздегі заңсыз балық аулаудың жолын кесуге арналған балық қорғау инспекциясымен бірлесіп Еркінқала поселкесінде орналасқан Каспий теңізіне шыға берісінде және Жайық өзені бойындағы “Пешной” бекетінде жылжамалы кемелердің мобильдік топтары құрылып, Еркінқала, Дамба, Алғабас елді мекені айналма жолдарындағы автокөлік құралдарының қозғалысына бақылау жүргізетін мобильдік топ бөлініп, қызмет атқарды.
Жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу кезінде балықтың заңсыз айналымына байланысты 107 құқық бұзушылық анықталып, оның ішінде 36 қылмысқа қатысты сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.
Анықталған құқық бұзушылық бойынша 7 су қайығы, 8 автокөлік, 9 айғақ зат тәркіленіп, аулаға қойылды. 1 тонна 827 келі бекіре тұқымдас балықтары және 5 келіден астам бекіре балығының уылдырығы тәркіленіп, балық өсіру зауытына тапсырылды.
Жайық – Каспий аумағында балық қорын қорғау, заңсыз табылған су биоресурстарын сату мен тасымалдау және браконьерліктің алдын алу мақсатында Атырау облысы ПД балық қорларына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімі жергілікті атқарушы органдармен бірлескен іс-шараларды күнделікті жүргізді.