Атырау облысы аумағында 431 мопед тіркеуге қойылды
Атырау облысы аумағында 431 мопед көлігі тіркеуге қойылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
5 сәуірден бастап мопедтер ресми түрде механикалық көліктерге жатқызылып, оларды тіркемей және құқықсыз пайдалануға тыйым салынады. Өзгерістерге сәйкес мопедті алдын ала тіркеп, қажетті жүргізуші куәлігін алу қажет. Қазіргі таңда Атырау қаласы аумағында 431 мопед көлігі тіркеуге қойылған. 5-ші сәуірден кейін тіркелмеген мопед жүргізушілеріне әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612- бабындағы (Көлік құралын жүргізу куәлігі жоқ күйінде тізгіндеу) және 590-бабы 2-тармағына сәйкес (Мемлекеттік белгісі жоқ күйде басқарғаны үшін) әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
- 2025 жылғы 5 сәуірден бастап тіркеу қағидаларына және "Жол қозғалысы туралы" заңына түзетулер күшіне енеді. Осы күннен бастап 50 текше метрлік мопедтер ресми түрде механикалық көліктерге теңестіріледі. Бұл дегеніміз осындай көлікті басқару үшін жүргізушіге А1, А немесе В санаттарындағы жүргізуші куәлігі, ал мопедте мемлекеттік нөмірлер, сақтандырудың болуы және техникалық тексеруден өтуі қажет,- дейді Атырау облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының бастығы Жеңіс Дәулетов.
Егер мопед көлік құралдарын тіркеуге байланысты ақпарат алғыңыз келсе, көрсетілген байланыс нөмірлеріне хабарласа аласыз: 98-13-15; 98-13-14.