Атырауда 500-ден аса құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды
Атырауда 500-ден аса құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұсақ бұзақылық – бұл азаматтардың қоғамдық тәртібі мен тыныштығына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық. Ұсақ бұзақылықтың ең көп тараған түрі – балағат сөздер, адамдарды қорлау, қоғамдық орындардың ластануы.
Атырау облысында полиция департаменті жыл басынан бері ұсақ бұзақылық әрекеттері үшін 575 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартқан. Олардың 143-і әкімшілік қамауға алынса, ал 302 азаматқа айыппұл салынған. Бұл көрсеткіш қоғамдық тәртіпті сақтау мен құқық бұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізілген жұмыстардың нәтижесі болып табылады.
Бүгінде тұрғындар тарапынан қоршаған ортаның тазалығына немқұрайлы қарайтындар, қоқыс пен қалдықтарды кез келген жерге лақтыратындар және азаматтардың тыныштығын бұзатын жағдайлар көп кездеседі. Мәселен, 11 қыркүйек күні сағат 01:15 шамасында Сұлтан Бейбарыс көшесінде 34 жастағы ер адам 36 жастағы ер адамға қол көтеріп, қоқан-лоқы көрсеткен. Бұл іс бойынша құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады. Бұдан бөлек, маусым айында Мұса Баймұханов көшесінде екі азаматтың арасында да дәл осындай құқық бұзушылық дерегі орын алды. Оларға 51 688 теңге көлемінде айыппұл салынды.
Айта кетейік, ұсақ бұзақылық үшін заң бойынша айыппұл салу немесе әкімшілік қамаққа алу жазасы қарастырылған. Қазіргі уақытта ұсақ бұзақылық жасаған тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін, немесе оларды 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасына тартады. Айыппұл мөлшері мен жазаның түрі құқық бұзушылықтың ауырлығына және заңсыз әрекеттердің қайталануына байланысты айқындалады.
Ұсақ бұзақылық құқық бұзушылықтардың қатарында болса да, ол қоғамдық тәртіптің сақталуына үлкен әсер етеді. Тәртіпсіздіктер мен азаматтар арасындағы қақтығыстардың алдын алу үшін полиция қызметкерлері жүйелі түрде рейдтер өткізіп, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл тәртіпті сақтау, қоғамдық орындарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ адамдардың заңды құқықтарын қорғау мақсатында маңызды қадам болып табылады.