Атырауда 69 жастағы жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасап қашып кеткен
Атырауда 69 жастағы жүргізуші жол-көлік оқиғасын жасап қашып кеткен, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға 17 шілде күні сағат 17:55 шамасында Құлманов-Тайманов көше қиылысы тұсында орын алған. Маркасы Lifan Х5 автокөлігі Жангельдин көшесінен Тайманов көшесіне шығар кезде жолдың қарама-қарсы бағытына шығып, Тайманов көшесімен өз бағытында келе жатқан маркасы Toyota Land Cruiser Prado 150 автокөлігіне соқтығыс жасап, оқиға болған жерден белгісіз бағытқа бой тасалап кетіп қалған.Патрульдік полиция қызметкерлері автокөлікті іздестіру жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде жол- көлік оқиғасын жасаған жүргізушіні анықтады.
69 жастағы ер адамға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігімен (Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу), ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабының 1-бөлігімен (Көлiк құралдарын, жүктердi, жолдарды, жолдағы және басқа да құрылысжайлардың немесе өзге де мүлiктiң бүлінуіне алып келген, материалдық залал келтiрген көлiк құралдары жүргiзушiлерінiң жол жүрісі қағидаларын бұзуы), ҚР ӘҚБтК-нің 611-бабының 2-бөлігімен (Жүргізушінің жол жүрісі қағидаларын бұзып, өзi қатысушы болып табылған жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетiп қалуы) әкімшілік хаттамалар жасақталды. Жинақталған іс-құжаттар шешім қабылдау үшін әкімшілік сотқа жолданды.