Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда 700-ден астам құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды

Атырауда 700-ден астам құқық бұзушы жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ұсақ бұзақылық – азаматтардың қоғамдық тәртібі мен тыныштығына зиян келтіретін әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірі. Оның ең көп таралған түрлеріне балағат сөздер айту, адамдарды қорлау, қоғамдық орындарды ластау секілді әрекеттер жатады.

Атырау облысында жыл басынан бері осындай құқық бұзушылық жасаған 782 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың 180-і әкімшілік қамаққа алынып, 441 азаматқа айыппұл салынған. Бұл – қоғамдық тәртіпті сақтау және құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың нақты нәтижесі.

Дегенмен, қоршаған орта тазалығына немқұрайлы қарау, қоқысты кез келген жерге тастау және азаматтардың тыныштығын бұзу секілді жағдайлар әлі де жиі кездеседі. Мәселен, 11 қыркүйек күні түнгі сағат 01:15 шамасында Сұлтан Бейбарыс көшесінде 34 жастағы ер адам өзімен жасты басқа азаматқа қол көтеріп, қоқан-лоқы көрсеткен. Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады. Ал маусым айында Мұса Баймұханов көшесінде екі азамат арасындағы жанжалдың нәтижесінде әрқайсысына 51 688 теңге көлемінде айыппұл салынған болатын.

Заңнамаға сәйкес, ұсақ бұзақылық үшін құқық бұзушыға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе 5-тен 15 тәулікке дейін әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылады. Жазаның түрі құқық бұзушылықтың ауырлығына және оның қайталануына байланысты тағайындалады.

Ұсақ бұзақылық құқық бұзушылықтардың жеңіл түрі болып көрінгенімен, оның қоғамдық тәртіпті сақтаудағы маңызы зор. Осы ретте тәртіп бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері жүйелі түрде рейдтер ұйымдастырып, тұрғындармен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл қадам – қоғамдағы қауіпсіздік пен тыныштықты қамтамасыз ету және азаматтардың заңды құқықтарын қорғау жолындағы маңызды іс-шаралардың бірі.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру