Атырауда барлық мектепте қауіпсіздік дәрістері өткізілді
Атырауда барлық мектепте қауіпсіздік дәрістері өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылының алғашқы күні Атырау облысындағы 212 мектепте оқушыларға арналған қауіпсіздік дәрістері ұйымдастырылды. Бұл шараны облыстық полиция департаментінің қызметкерлері білім беру мекемелерімен бірлесіп өткізді.
Қауіпсіздік сабақтарының басты мақсаты – балалардың өмір қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық сауаттылығын арттыру. Полиция қызметкерлері оқушыларға жол қозғалысы ережелерін, қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстау мәдениетін, құқық бұзушылықтың салдарын және төтенше жағдай кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндірді.
- Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндер мен жоғары сынып оқушыларына бірдей бағытталған бұл дәрістер олардың құқықтары мен міндеттері туралы білуіне көмектеседі. Сонымен қатар, түрлі жағдайларда қауіпсіз жүріп-тұру ережелерін меңгеруге ықпал етеді, – дейді Атырау облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Абзал Әліпқалиев.
Сабақтар барысында оқушылармен интерактивті сұхбат жүргізіліп, практикалық мысалдар арқылы түрлі жағдайларға дайын болу жолдары қарастырылды. Сонымен қатар мектептерде бейнебақылау жүйелері мен күзет қызметінің жұмысы қайта қаралып, білім ордаларының қауіпсіздік деңгейі күшейтілді.
Мұндай бастамалар балалардың қауіпсіз ортада білім алуына жол ашып, олардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Атырау облысында бұл бағыттағы жұмыстар оқу жылы бойы жалғасын таппақ.