Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда бейбіт күннің батыры Шалқар Ақымғалиев түлеп ұшқан мектепте тағылымды іс-шара ұйымдастырылды

Атырауда бейбіт күннің батыры Шалқар Ақымғалиев түлеп ұшқан мектепте "Отанға адал қызмет – ұрпаққа мәңгілік өнеге" атты іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау қаласында жас ұрпақтың бойында патриоттық құндылықтарды нығайтуға бағытталған "Отанға адал қызмет – ұрпаққа мәңгілік өнеге" атты қалалық тағылымды іс-шара ұйымдастырылды.

Іс-шара Атырау қаласы білім бөлімінің ұйымдастыруымен "Келешек мектебінде" өтті. Жиынның басты мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, азаматтық жауапкершілікті арттыру және Мемлекет басшысы ұсынған "Адал азамат" қағидатын кеңінен насихаттау болды.

Тағылымды кездесуге тәртіп сақшылары және шаһардағы білім беру ұйымдарының басшылары, педагогтер, мектеп оқушылары қатысты.

Іс-шара барысында бейбіт күннің батыры, қызметтік борышын адал атқару жолында ерлік көрсеткен Шалқар Ақымғалиевтің жарқын бейнесі еске алынды. Батырдың ерлігі көпшілікке үлгі ретінде ұсынылып, оның рухына тағзым жасалды. Шараға қатысушылар батырдың анасы Ләззат Мұхановаға құрмет көрсетіп, гүл шоқтарын табыстады.

Шараның қонағы Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев жастарға арналған сөзінде ел қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіптің маңызын ерекше атап өтіп, Отанға адал қызмет етудің биік жауапкершілік екенін жеткізді. Сондай-ақ ол құқық қорғау саласының қоғамдағы рөліне тоқталып, жастарды заңды құрметтеуге және ел мүддесіне қызмет етуге шақырды.

Салтанатты жиында Атырау қаласы білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова сөз сөйлеп, жас ұрпақ тәрбиесіндегі патриоттық бағыттың маңыздылығына тоқталды.

Өз сөзінде ол білім беру жүйесінде құқықтық мәдениетті қалыптастыру мен "Заң мен Тәртіп" қағидатын дәріптеу жұмыстары жүйелі түрде жалғасып келе жатқанын атап өтті.

Тағылымды кеш концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық рухтағы әндер орындалды. Жас өнерпаздар мен "Жас сақшылар" сыныбының оқушылары сахна төрінде өнер көрсетіп, Отанға деген сүйіспеншілік пен азаматтық парыз тақырыбын көркем түрде жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру