Атырауда бейнебақылау камерасы арқылы мас күйде көлік басқарған жүргізуші анықталды
Атырауда бейнебақылау камерасы арқылы мас күйде көлік басқарған жүргізуші анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
2 қыркүйек күні сағат 11:39 шамасында Атырау қаласындағы З. Қабдолов көшесінің бойында бейнебақылау камералары арқылы Granta автокөлігінің жүргізушісі мас күйде көлік басқарып келе жатқаны анықталды.
Ақпарат патрульдік полиция қызметкерлеріне жедел жеткізіліп, олар көрсетілген бағыт бойынша жолға шығып, аталған автокөлікті тоқтатты.
Медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, жүргізушінің ауыр дәрежеде мас күйде болғаны анықталды.
Құқық бұзушыға қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданып, автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Айта кетейік, жыл басынан бері бейнебақылау камераларының көмегімен мас күйде көлік басқарған 90-ға жуық жүргізуші анықталып, олардың әрқайсысына қатысты заң аясында тиісті шаралар қабылданды.
Полиция мас күйде көлік басқару адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіретінін ескертеді. Жолға шықпас бұрын жауапкершілікті ұмытпай, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтаңыздар!
