Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда "Бекіре-2025" іс-шарасы аясында 1,5 тоннадан астам балық өнімдері тәркіленді

Атырауда "Бекіре-2025" іс-шарасы аясында 1,5 тоннадан астам балық өнімдері тәркіленді, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысында 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында браконьерлікке қарсы бағытталған "Бекіре – 2025" жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Шараның негізгі мақсаты – бекіре тұқымдас және өзге де балық түрлерінің, олардың өнімдерінің заңсыз айналымының жолын кесу, табиғат байлығын қорғау.

Іс-шара барысында полиция департаменті мен балық қорғау инспекциясы бірлесіп, теңізде заңсыз балық аулауға тосқауыл қою үшін мобильдік кемелер мен автокөлік бақылау топтарын ұйымдастырды. Нәтижесінде 101 құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 6 жағдай бойынша күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тәртіп сақшыларының мәліметінше, рейд барысында 1 су көлігі, 26 балық аулау құралы және жалпы салмағы 1 тонна 637 келі балық өнімдері тәркіленді. Оның ішінде 311 келі – бекіре тұқымдас балықтар, 2 келіден астам – уылдырық. Барлық тәркіленген өнімдер балық зауытына тапсырылды.

Жайық-Каспий бассейнінің су ресурстарын сақтау мақсатында Атырау облысының полиция департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, браконьерлікпен күрес жұмыстарын жүйелі түрде жалғастыруда.

Заңсыз балық аулауға қарсы бағытталған мұндай шаралар – биологиялық ресурстарды сақтаудың, сонымен қатар экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды бөлігі болып есептеледі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру