Атырауда бірлік мерекесі аясында этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесу өтті
Атырауда бірлік мерекесі аясында этномәдени бірлестік өкілдерімен кездесу өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай Атырау облысы полиция департаментінде елдегі ұлтаралық татулық пен қоғамдық келісімді нығайту мақсатында салтанатты жиын өтті. Іс-шараға департамент бастығының орынбасары Руслан Ешманов пен өңірдегі этномәдени бірлестіктердің жетекшілері қатысты.
Кездесу барысында көпұлтты мемлекетіміздің бейбіт өмірі мен тұрақтылығына сүбелі үлес қосып келе жатқан этномәдени бірлестік мүшелерінің еңбегі ерекше атап өтілді. Өзара түсіністік пен достықты нығайту жолындағы белсенді қоғамдық қызметтері үшін бірқатар қатысушылар Атырау облысы полиция департаменті бастығының алғыс хаттарымен марапатталды.
– Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз – қоғамдық тұрақтылықты сақтау, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу және этносаралық татулықты нығайтудың жарқын үлгісі. Бірлік күні – бұл жай мереке ғана емес, халқымыздың ынтымағы мен өзара сыйластығын насихаттайтын мәні терең мейрам. Алдағы уақытта да қоғамдағы келісімді сақтау жолында бірлесе еңбек етеміз деп сенемін, – деді Руслан Ешманов.
Мұндай кездесулер этностар арасындағы достықты арттырып, көпұлтты қоғамда бейбіт өмір сүрудің үлгісін қалыптастыруға ықпал етеді.