Атырауда бірнеше азаматтан 500 келіден астам заңсыз балық тәркіленді
Атырауда бірнеше азаматтан 500 келіден астам заңсыз балық тәркіленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы аумағында 1-28 ақпан аралығында табиғи ресурстарды заңсыз айналымнан қорғау мақсатында кең ауқымды "Браконьер" жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізіліп жатыр.
Исатай ауданы Жанбай ауылы маңында Каспий теңізі жағалауында рейдтік іс-шара кезінде Урал мотокөлігін тізгіндеген төрт ер азамат шана сүйреп келе жатқан жерінен тоқтатылды. Тексеру барысында шанадан 10 қапқа салынған 530 келі белгіленбеген жерден заңсыз ауланған қара балық табылды. Күдіктілерден екі пышақ пен екі радиоқабылдағыш тәркіленді.
Тәркіленген балықтар "Тілекші" цехына тапсырылып, аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 335-бабы 3-бөлігі 4-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Атырау облысы полиция департаменті азаматтарды табиғатқа зиян келтіретін заңсыз әрекеттерден бас тартуға шақырады және браконьерлік үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді.