Атырауда «Борышкер» іс-шарасы қорытындыланды
Атырауда айыппұл төлеуден жалтарып жүрген 27 жүргізушіден 2 млн 200 мың теңгеге жуық айыппұл өндірілді, – дп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда айыппұлдарды өндіру жұмысын жандандыру, оларды өз еркімен төлеуден жалтарған азаматтарға қатысты пәрменді шаралар қабылдау мақсатында ұйымдастырылған “Борышкер-2021” жедел-профилактикалық іс-шарасы аяқталды.
Іс-шара барысында айыппұл төлеуден жалтарып жүрген 27 жүргізуші анықталып, олардың автокөліктері айыппұл тұрағына қойылып, аталған жүргізушілерден жалпы сомасы 2 млн 186 663 теңгені құрайтын айыппұл өндірілді. Айыппұл тұрағына қойылған 27 автокөліктің бесеуі Армения елінен әкелінген автокөліктер болса, 22-сі Ресейден жеткізілген автокөліктер болып табылады.
Мысалы, 14 наурыз күні сағат 15:30 шамасында Азаттық көшесіндегі 20-үйдің маңынан Армения елінен әкелінген «Hyundai Sonata» маркалы автокөлік тоқтатылып, тексеру барысында аталған автокөлік жүргізушісінің 145 850 теңгені құрайтын төленбеген он айыппұлы бар екендігі анықталып, автокөлік ҚР ӘҚБтК-нің 785-бабына сәйкес айыппұл тұрағына қойылды.
Осыған байланысты, Полиция департаменті өңір тұрғындарына айыппұлдарды уақтылы төлеу, төленген түбіртектерді Атырау қаласы Нұрсая шағын ауданы Әбілхайыр хан даңғылы, 55 мекенжайында орналасқан Атырау қаласы Полиция басқармасының әкімшілік полиция бөліміне тапсыру қажеттігі туралы ескертеді, сондай-ақ қызығушылық тудырған барлық сұрақтар бойынша 98-23-06, 98-23-26 телефондарына хабарласуға болатынын еске салады.