Атырауда ер адам қайын атасының атына 4,5 млн теңге несие рәсімдеген
Атырауда ер адам қайын атасының атына 4,5 миллион теңге несие рәсімдеген, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау қаласының 65 жастағы тұрғыны банктерден «несие қарызын төлеу бойынша келісімшарт талабын орындамадыңыз» деген қоңыраулар жиілеп кеткенінен күмәнданған. Мәселенің мән-жайын анықтағанда 4 млн. теңгеден астам несиесі бар екенін білген. Алайда бұл қаражаттың бірде-бірін өзі алмағанын айтып, алаяқтар алдады деп полицияға шағымданған.
Шұғыл тергеу амалдарын жүргізген полицейлер бұл қылмысқа күдікті 34 жастағы күйеу баласын анықтап, ұстады.
– Күдікті қайын атасының сеніміне кіріп, 2020 жылдың қараша айынан бастап 2021 жылдың қазан айы аралығында түрлі банктер мен қаржы ұйымдарынан 55 мың теңгеден бастап 2 млн. теңге аралығында несие алғандығы анықталды. Барлығы – 4 499 542 теңгені құрады. Аталған алаяқтық фактісіне қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Азаматтардан өзінің жеке ақпараттарын және банктік есепшоттарының құпиялығын сақтау қажеттілігін ескертеміз, – деді Атырау облысы Полиция департаментінің бастығы Қамза Үмбетқалиев.