Атырауда есірткі сайттарын жарнамалайтын граффити жазбалар жойылды
Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы қала аумағында заңсыз есірткі заттарын насихаттайтын граффитилерді жоюға бағытталған акция өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараны полиция қызметкерлерімен бірге "Тәуелсіз өмір" ұйымының еріктілері және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері бірлесе ұйымдастырды.
Рейд барысында қатысушылар қала көшелерін аралап, үйлер мен ғимараттардың қабырғаларындағы заңсыз жазуларды анықтап, граффити жазуларын жойды.
Акция кезінде анықталған екі дерек есірткі, психотроптық заттар немесе олардың аналогтарын, прекурсорларын насихаттау немесе заңсыз жарнамалау бойынша тіркелді.
Мұндай шаралар қоғамды есірткі қаупінен қорғауға, жастар арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға бағытталған. Полиция өкілдері мен еріктілер алдағы уақытта да бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырады.