Атырауда есірткі сақтаған ағайынды күдіктілер ұсталды
Атырауда есірткі сақтаған ағайынды күдіктілер ұсталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырауда жалға берілетін пәтердің иесі полицияға көмек сұрап жүгінді. Оның айтуынша, пәтерді жалға алған тұрғындар уақытында төлем жасамай, есікті де ашпай қойған. Мән-жайды анықтау үшін пәтерге барған учаскелік полиция инспекторлары күдікті әрекеттерді байқап, дереу шара қолданды.
Пәтер ішіндегі екі ер адамның біреуі төсектің астына бірдеңе жасырмақ болып, ал екіншісі терезеден белгісіз затты лақтырып жіберген. Бұл жағдай инспекторлардың назарынан тыс қалмады. Тексеру барысында төсек астынан төрт zip-пакетке оралған синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді. Ал терезеден лақтырылған киімнің қалтасынан тағы бір zip-пакетке оралған есірткі шықты.
Жедел-тергеу тобы мен Атырау облыстық полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы күдіктілердің әрекетін мұқият тексеруге кірісті. Анықталғандай, ұсталғандар 25 және 19 жастағы ағалы-інілі жігіттер екен. Қазіргі уақытта олардың есірткіні қайдан алғаны және оны қандай мақсатта пайдаланбақ болғаны тексеріліп жатыр.
Күдіктілерге қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Құқық қорғау органдары бұл іс бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауда.