Атырауда есірткіге қарсы мыңға жуық профилактикалық іс-шара өткізілді
Атырауда есірткіге қарсы мыңға жуық профилактикалық іс-шара өткізілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Атырау облысы полиция департаменті есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, әсіресе жастар мен жасөспірімдер арасында олардың таралуына жол бермеу мақсатында жүйелі профилактикалық жұмыстарды тұрақты түрде жүргізіп келеді.
2025 жылдың 12 айы ішінде облыс аумағында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған 954 нысаналы профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды. Аталған шаралар білім беру ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен өткізіліп, өскелең ұрпақты зиянды әдеттерден сақтандыруды көздеді.
Интернет кеңістігінде заңсыз есірткі жарнамасының жолын кесу мақсатында "Кибер-қадағалау" бағдарламасы арқылы 1400-ге жуық сайт анықталып, оларды бұғаттау үшін тиісті шаралар қабылданды. Сонымен қатар қала аумағында есірткі сайттарын насихаттайтын 100-ден астам граффити жазбалары жойылды.

Жүргізілген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 2025 жылы 31 есірткі тасымалдау фактісі анықталып, олардың алтауы кәмелетке толмағандар екені белгілі болды. Бұл жағдай жасөспірімдер арасындағы алдын алу шараларын одан әрі күшейтудің маңыздылығын көрсетеді. Аталған бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
