Атырауда Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған мерекелік шара өтті
Атырауда Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне арналған мерекелік шара өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.
26 маусым — Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Атырау облысы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы мен Атырау қаласы әкімдігі бірлесіп, кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Шараның негізгі мақсаты — есірткінің зияны туралы қоғамда кең түсінік қалыптастыру, нашақорлықтың алдын алудың маңыздылығын насихаттау және салауатты өмір салтын дәріптеу.
Іс-шараға Атырау қаласы әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, Атырау облысы полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құттыбай Садықов, сондай-ақ өңірдің танымал қоғам белсенділері қатысты.
Мерекелік бағдарлама аясында арнайы жасақ қызметкерлері қоян-қолтық ұрыстың элементтерін, өзін-өзі қорғау тәсілдерін көрсетті. Сонымен қатар түрлі спорттық қойылымдар мен күш қолданбай қарсы әрекет ету әдістері ұсынылды. Сахна төрінде патриоттық рухтағы әндер шырқалып, өнерпаздардың орындауында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Шара соңында нашақорлықпен және есірткі айналымымен күреске белсене қатысып жүрген нарколог мамандар, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу жөніндегі кеңес мүшелері және қоғам белсенділері Атырау облысы полиция департаменті бастығының алғыс хаттарымен марапатталды.