Атырауда ІІМ ведомстволық оқу орындарының өкілдері оқушылармен кездесті
Атырауда ІІМ ведомстволық оқу орындарының өкілдері оқушылармен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ел болашағы – білімді, мақсатшыл жастардың қолында. Қазіргі таңда олардың сапалы білім алып, дұрыс мамандық таңдап, қоғамнан өз орнын табуы – маңызды мәселелердің бірі. Осы орайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне ерекше мән беріп, олардың кәсіби бағдарын айқындауға жан-жақты қолдау көрсетуде.
Осы мақсатта 17 ақпан күні Атырау облысы полиция департаментінде ҚР Ішкі істер министрлігінің ведомстволық жоғары оқу орындарына талапкерлерді оқуға шақыру мақсатында кездесу өтті. Шараға М. Есболатов атындағы Алматы академиясы, Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясы және М. Бөкенбаев атындағы Ақтөбе заң институтының өкілдері қатысты. Сонымен қатар жиынға Атырау қаласындағы білім беру мекемелерінің 300-ге жуық мектеп оқушысы шақырылды.
Кездесу барысында мамандар ішкі істер органдарына қызметке қабылдау талаптары, ведомстволық оқу орындарына түсу ережелері туралы кеңінен баяндап, полиция қызметінің артықшылықтары мен мүмкіндіктері жөнінде толық ақпарат берді. Оқушыларға патриоттық рух сыйлау, Отанға деген сүйіспеншіліктерін арттыру мақсатында полиция қызметінің негізгі міндеттері таныстырылып, арнайы бейнероликтер көрсетілді.
Шара соңында оқушыларға викториналық сұрақтар қойылып, олар өз ойларымен бөлісті. Кадр саясаты басқармасының қызметкерлері ішкі істер органдарындағы қызметтің қазіргі қоғам үшін аса маңызды мамандықтардың бірі екенін атап өтіп, оқушылардың сұрақтарына жауап берді.
Бұл кездесу мектеп түлектеріне болашақ мамандығын таңдауға көмектесіп, құқық қорғау саласына қызығушылықтарын арттыруға бағытталған маңызды шара болды.