Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырауда ІІМ XII спартакиадасы аясында қоян-қолтық ұрыстан чемпионат өтті

Атырауда ІІМ XII спартакиадасы аясында қоян-қолтық ұрыстан чемпионат өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

23–24 тамыз күндері Атырау қаласында Атырау облысы полиция департаментінің ұйымдастыруымен, "Динамо" дене шынықтыру-спорт қоғамы мен қала әкімдігінің қолдауымен ҚР Ішкі істер министрлігінің XII спартакиадасы аясында қоян-қолтық ұрыстан чемпионат өтті. Бұл дода құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіби және спорттық шеберлігін арттыруға, сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталды.

Чемпионаттың салтанатты ашылу рәсімінде Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Нұрхат Оразбаев жарыстың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

– Қоян-қолтық ұрыс – кез келген тәртіп сақшысының кәсіби дайындығының маңызды бөлігі. Бұл спорт түрі тек күш пен жылдамдықты ғана емес, мінезді, төзімділікті, табандылықты қалыптастырады. Чемпионат қызметтік міндетін әрқашан абыроймен атқаруға дайын, ерік-жігері мықты қызметкерлерді анықтайтын алаң. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін, өңірлеріңіздің намысын жоғары деңгейде қорғайды деп сенемін, – деді департамент бастығы.

Чемпионатқа еліміздің барлық өңірлерінен келген құқық қорғау органдарының 30-дан астам командасы қатысып, мықтылықты анықтау үшін қызу бақ сынасты. Қызықты да тартысты өткен жарыс нәтижесінде Атырау облысы командасы қарсыластарын артқа тастап, чемпиондық атаққа ие болды. Екінші орын Маңғыстау облысының командасына бұйырса, үшінші орынды табандылық танытқан Астана қаласының спортшылары иеленді.

Жарыс қорытындысында ерекше өнер көрсеткен қызметкерлер Атырау облысы полиция департаменті бастығының Алғысхаттарымен марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Бұл жеңіс – тәртіп сақшыларының жоғары кәсіби дайындығының, темірдей тәртібі мен спортқа деген адалдығының айқын дәлелі. Сонымен қатар ол болашақ жарыстарға жігер беретін үлкен жетістік саналады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру